Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Маңғыстау облысында қылмыс деңгейі төмендеді

Маңғыстау облысында қылмыс деңгейі төмендеді, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Маңғыстау облысында биыл қылмыс саны айтарлықтай азайды. Атап айтқанда, қоғамдық орындардағы құқық бұзушылықтар 21,5%-ға, көше қылмыстары 22,4%-ға, жасөспірімдер тарапынан жасалған қылмыстар 47,4%-ға қысқарған. Сонымен қатар бұрын қылмыс жасағандар тарапынан тіркелген фактілер 15,2%-ға, мас күйінде жасалған қылмыстар 12,3%-ға, топпен жасалған құқық бұзушылықтар 40,4%-ға, ал қару қолданылған қылмыстар 66,7%-ға төмендеді. Бұл туралы Маңғыстау облысы полиция департаментінің бастығы Сағындық Аяғанов халыққа есеп беру кездесуінде мәлімдеді.

Полиция бастығының айтуынша, жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған шаралар өз нәтижесін беріп, жол-көлік оқиғалары да 6,7%-ға төмендеген.

–2025 жылдың есепті кезеңінде атқарылған жұмыстар өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда айтарлықтай жақсарды. Төрт ай ішінде облыстағы криминогендік жағдай тұрақталып, тіркелген қылмыстардың саны азайды. Сонымен қатар қылмыстарды ашу көрсеткіші 8,2%-ға артты. Қазір 10 мың тұрғынға шаққандағы қылмыс деңгейі – 32, бұл көрсеткіш бойынша республикада екінші орындамыз, – деді Сағындық Аяғанов.

Есеп беру кездесуге департамент басшылығымен қатар, облыстық күш құрылымдарының өкілдері, облыстық мәслихат депутаттары, денсаулық сақтау, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, білім, ауыл және тұрғын үй шаруашылығы салаларының мамандары, сондай-ақ кәсіпорындар мен түрлі ұйым өкілдері қатысып, көкейкесті сұрақтарын қойды.

 

Жиын барысында интернет-алаяқтық, әлеуметтік мәселелер және полиция учаскелерін ашу туралы сауалдар талқыланды. Кездесу соңында Сағындық Аяғанов тұрғындарды жеке қабылдады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру