Маңғыстау облысында рақымшылық аясында сотталғандарға екінші мүмкіндік берілді
Маңғыстау облысы Түпқараған ауданында Конституцияның 30 жылдығына орай рақымшылық аясында ауқымды жұмыс атқарылды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Қазақстан Республикасы Конституциясының 30 жылдығына байланысты қабылданған "Рақымшылық туралы" Заң мемлекетіміздің гуманизм, әділдік және адам құқықтарына құрмет қағидаттарын нығайтуға бағытталған маңызды қадамдардың бірі болды.
Осы заң аясында Маңғыстау облысы бойынша ҚАЖ департаментінің Түпқараған аудандық пробация қызметі ауқымды жұмыс жүргізді. Пробация есебінде тұрған 33 сотталғанға қатысты материалдар сотқа жолданып, барлығы заң талаптарына сәйкес қаралды.
Сот шешімі нәтижесінде 8 сотталған жазасын өтеуден толық босатылса, 25 адамның жаза мерзімі қысқартылды. Бұл олардың әрқайсысына жаңа өмірге қадам жасап, түзелуге және қоғамға қайта бейімделуге мүмкіндік берді.
Түпқараған аудандық пробация қызметінің бастығы Индира Нарымбетова бұл қадамның маңыздылығына тоқталды:
- Қазақстан Республикасы Конституциясының 30 жылдығына арналған рақымшылық – мемлекеттің сенімі мен гуманизмінің айқын көрінісі. Бұл – сотталғандар үшін өмірін өзгертіп, қоғамға толыққанды азамат ретінде қайта оралуға берілген зор мүмкіндік. Пробация қызметі алдағы уақытта да оларды қолдау, әлеуметтік бейімдеу және қайталама құқық бұзушылықтардың алдын алу бағытында жұмысын жалғастырады, – деді ол.
Рақымшылықтың жүзеге асырылуы – мемлекетіміздің Конституция құндылықтарына беріктігін, азаматтардың түзелуіне жағдай жасай отырып, қоғамдағы тұрақтылық пен әділдікті нығайтатынын айқын көрсетті.