Маңғыстау облысында тәртіп бұзған есептегі сотталған қамауға алынды
Маңғыстау облысында тәртіп бұзған есептегі сотталған қамауға алынды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Маңғыстау облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің Мұнайлы аудандық пробация қызметінің есебінде тұрған азамат бас бостандығын шектеу жазасына сотталған болатын. Пробация есебінде тұрған кезеңде сотталған ер адам өзіне жүктелген міндеттерді жүйелі түрде орындамай, белгіленген тәртіпті бірнеше рет бұзған. Оған пробация қызметкерлері тарапынан бірнеше рет ресми ескерту берілгенімен, ол өзіне тиісті қорытынды шығармады.
Осыған байланысты, пробация қызметкерлері сотқа жазаны неғұрлым қатаң түрге ауыстыру туралы тиісті ұсыныс енгізді.
— Біздің басты мақсатымыз — есепте тұрған тұлғалардың қайта қылмыс жасамауына ықпал ету және олардың түзелуіне көмектесу. Алайда бұл азамат өзіне берілген мүмкіндікті бағаламады. Ол белгіленген уақытта тіркеуге келмей, пробациялық бақылаудан жалтарды, сондай-ақ сот жүктеген міндеттерді елеусіз қалдырды. Бірнеше рет жасалған ескерту нәтиже бермегендіктен, біз заң аясында шара қолдануға мәжбүр болдық. Бұл жағдай басқа сотталғандарға сабақ болуға тиіс, — деп атап өтті Мұнайлы аудандық пробация қызметі бөлімі бастығының міндетін атқарушы Смағұл Құламанов.
Сот материалдарды жан-жақты қарап, сотталғанның бас бостандығын шектеу жазасының өтелмеген бөлігін бас бостандығынан айыру жазасына ауыстыру туралы шешім қабылдады. Сот қаулысына сәйкес, сотталған тұлға сот залында қамауға алынды. Енді ол жазасының қалған бөлігін қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде өтейді.
