Маңғыстау облысында жаңа учаскелік полиция пунктері ашылды
Ақтау қаласы мен Маңғыстау ауданында жаңа учаскелік полиция пунктерінің тұсауы кесілді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қоғамдық тәртіпті сақтау мен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолында учаскелік полиция инспекторлары қашан да алдыңғы шепте тұрады. Халықпен тікелей тығыз қарым-қатынаста жұмыс жасайтын учаскелік полиция – құқық бұзушылықтың алдын алудағы негізгі буын.
Ақтау қаласы 17-шағын ауданында жаңа учаскелік полиция пункті ашылды. Департамент бастығы Аян Дуйсембаев пунктің жай-күйімен танысып, қызметкерлерге сәттілік тіледі.
Айта кетейік, полиция пункті барлық қажетті құралдармен, байланыс құрылғыларымен жабдықталған.
Бұл жерде екі учаскелік полицей және олардың көмекшісінен бөлек, кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу бағытында жедел әрекет ететін ювеналды полиция бөлімінің екі инспекторы да қызмет етеді.
Бекітілген аумақтарда, яғни 17, 18, 18А шағын аудандарда барлығы 35 мың азаматтың қауіпсіздігі қамтамасыз етіледі.
17-шағын ауданда орналасқан полиция пункті азаматтарды кешкі 18:00-ден бастап 21:00-ге дейін қабылдайды. Кезекші бөлімнің нөмірі: 102, 47-48-02.
Сондай-ақ Маңғыстау ауданы Жыңғылды ауылында да жаңа пунктің тұсауы кесілді. Мұнда учаскелік полиция және ювеналды полиция қызметкерлері 3207 азамат пен 861 кәмелетке толмаған жасөспірімнің қауіпсіздіктерін қамтамасыз етеді.