Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Маңғыстау облысында “Жас сақшы” кадет сыныбы ашылды

Маңғыстау облысы Мұнайлы ауданында “Жас сақшы” кадет сыныбы ашылды, — деп хабарлайды Polisia.kz.

Мұнайлы ауданы Жаңа-Дәулет ауылында орналасқан №4 жалпы білім беру мектебінде патриоттық және құқықтық тәрбиеге бағытталған “Жас сақшы” кадет сыныбы ашылды. Бұл сыныпқа ішкі істер органының ардагері, полиция майоры Сарсенбай Сарбасовтың есімі берілді.

Іс-шараға ішкі істер органдарының қызметкерлері мен ардагерлері, сондай-ақ кадет сыныбы атымен аталған ардагердің туыстары қатысты.

“Жас сақшы” кадет сыныбының мақсаты – жас ұрпақтың патриоттық рухын арттыру, құқықтық сауаттылықты дамыту, тәртіп пен жауапкершілікті бойына сіңірген, ел болашағы үшін қызмет етуге дайын тұлғаларды тәрбиелеу. Сынып мүшелері болашақ мамандығын саналы түрде таңдауға бағыт алады.

Сарсенбай Жанбергенұлы ішкі істер органдарында қаншама жыл бойы абыройлы еңбек етіп, жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында аянбай тер төкті. Қызмет жолында түрлі басшылық лауазымдарды атқарды. Қоғамдық тәртіпті сақтау ісіне қосқан үлесі үшін бірнеше мәрте марапатталған ардагер 2020 жылы өмірден озған. Ол – 7 баланың әкесі, өнегелі әке, абзал азамат ретінде де ел есінде.

Бұл бастама – жасөспірімдерге үлгі боларлық тұлғалардың есімін ұлықтап, олардың ерлік жолын жалғастырудың жарқын үлгісі.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру