Маңғыстау облысында «Жас сақшы» полиция сыныбы ашылды
Маңғыстау облысында «Жас сақшы» полиция сыныбы ашылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Білім күнінде Маңғыстау облысында кішкентай полицейлер тобынан құралған «Жас сақшы» полиция сыныбының салтанатты түрде ашылды.
Соның ішінде, өңір орталығы — Ақтау қаласының жалпы білім беретін орта мектептерінде қызмет бабында ерлікпен қаза тапқан полиция қызметкерлері М.Төребай мен Ә.Тұрсынбековтің атына арналған жас полицейлер сыныбы ашылды.
Шараның ашылу салтанатына Маңғыстау облысы полиция департаменті бастығы Сағындық Аяғанов және марқұм офицерлердің туыстары қатысып, сөз сөйледі.
Айта кетейік, «Жас сақшы» жобасының басты мақсаты — жасөспірімдер арасындағы тәртіпті қадағалау, құқық бұзушылықтарды болдырмау және өз ісіне адал аға буынның қызметін жас ұрпаққа дәріптеу.
Білім беру ұйымдарындағы жасөспірімдер қауіпсіздігі де өңірдің бас полицейінің тікелей бақылауында. ПД бастығы мектептердегі бейнебақылау камераларының жедел басқару орталығымен байланысын және дабыл түймелерін тексерді.
Мейіржан Төребай – қалалық полиция басқармасы анықтау бөлімінің анықтаушысы. 2006 жылы 22 шілде күні қызметтік міндеттерін атқару барысында қаза тапты.
Әділет Тұрсынбеков – ПД ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының жедел уәкілі. Өзіне жүктелген міндеттерін атқару кезінде алған дене жарақаттары салдарынан 2011 жылы 7 қаңтар күні қаза тапты.