Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Маңғыстау облысында жолды жасанды түрде тарылту жұмыстары жүргізілуде

Маңғыстау облысында жолды жасанды түрде тарылту жұмыстары жүргізілуде, — деп хабарлайды Polisia.kz.

Маңғыстау облысында жол-көлік оқиғаларының алдын алу және адам өмірін сақтау мақсатында заманауи және тиімді шаралар жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Облыстық полиция департаменті жүргізушілердің тәртібін күшейту және жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында автожолдарда түнгі және жасырын патрульдеу, "ақылды" бейнекамералар, дронмен бақылау т.б. профилактикалық шараларды қабылдауда. Кезекті шаралардың бірі, патрульдік полиция ротасы қызметкерлері жол және техникалық бөлімі, сондай-ақ "Қазавтожол" мекемесімен бірлесе республикалық маңызы бар Жетібай – Жаңаөзен автожолының 11-шақырымында жүзеге асырылды. Полиция қызметкерлерінің бастамасымен бұл аумақта жолды жасанды түрде тарылту жұмыстары жүргізіліп, жылдамдықты біртіндеп шектейтін арнайы жол белгілері орнатылды. Аталған жұмыстар "Қазавтожол" мекемесімен бірлесе атқарылды.

Жолды тарылту жүргізушілерді жылдамдықты азайтуға, жол бойындағы қауіпсіздік деңгейін арттыруға септігін тигізеді. Бұл – жол қозғалысына қатысушылардың өмірі мен денсаулығын қорғауға бағытталған әлемдік тәжірибедегі тиімді тәсілдердің бірі. Осы аумақта патрульдік полиция жасағы жүргізушілермен профилактикалық әңгімелесу жүргізіп, жол қозғалысы ережелерін сақтау, жылдамдықты асырмау, рульде шаршаған жағдайда тынығу, жолға үй жануарларының шығуы мүмкін екенін ескеру сынды маңызды мәселелер туралы түсіндіруде.

— Қарапайым сақтық шараларын ұстана отырып, өзіңіздің және өзгенің өміріне төнетін қауіпті болдырмайтындығыңызды қаперіңізге алыңыз. Полиция тарапынан профилактикалық жұмыстар үнемі жүргізілмек, алайда жүргізушілер де бейқамдық танытпай, адам өмірін сақтауды ортақ парызымыз деп білейік, - деп атап өтті Маңғыстау облысы ПД патрульдік полиция ротасының командирі Тайман Аңшыбаев.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру