Маңғыстау облысында жыл басынан бері 200-ден астам мас жүргізуші анықталды
Жыл басынан бері Маңғыстау облысында 200-ден астам мас жүргізуші анықталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Автокөлікті ішкілікті күйде басқаруға қатысты жазаның қатаңдатылғандығына қарамастан, алкогольдік және есірткілік масаң күйде көлік жүргізетін жүргізушілер әлі де айыл жияр емес. Мас күйінде көлік басқаратындардың өзі мен өзгенің өміріне қауіп төндіретін әрекеттерінің салдарынан қайғылы жағдайлар орын алуы ықтимал. Тәжірибе көрсеткендей, мас жүргізушілердің кінәсінен орын алатын жол апаттары аз емес.Жылдың басынан бері үш ай көлемінде Маңғыстау облысы бойынша көлік құралын мас күйінде басқарған 217 жүргізуші анықталды. Нәтижесінде, оларға ҚР ӘҚБтК-тің 608-бабы бойынша әкімшілік хаттамалар толтырылып, олардың барлығы 7 жылға көлік құралын басқару құқығынан айырылды. Құқық бұзушылықтың бұл түрі 2021 жылмен салыстырғанда 1,8%-ға төмендеген.
– Құрметті жүргізушілер, масаң күйде көлік құралын басқару – қылмыспен тең. Бұл ретте полиция қызметкерлерінің тарапынан әр аптаның демалыс күндері өткізілетін «Мас жүргізуші – қылмыскер» атты жедел-профилактикалық іс-шарасын атап өтуге болады. Маңғыстау облысы ПД сіздерді заңды бұзбауға және ішкілікті күйде көлік жүргізбеуге шақырады. Сіздерден құқық бұзушылыққа жол бермеулеріңіз сұралады, – деді полицияда.