Маңғыстау облысындағы колонияға тыйым салынған затты алып кіру әрекеті әшкереленді
Маңғыстау облысында қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің №77 мекемесінде тексеру тобының бақылаушылары тыйым салынған заттарды ішке өткізудің екі дерегін анықтап, жолын кесті, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Тексеру барысында қорғаушы ретінде келген азаматтың бас киімінен фольгамен оралған ұялы телефонның аккумуляторы мен SIM-карта табылды. Барлық тыйым салынған заттар тәркіленді.
Тағы бір жағдай басқа тергеудегі азаматқа арналған сәлемдемені қабылдау кезінде орын алды. Сәлемдеме әкелген әйелдің дәрі-дәрмек салынған қара түсті полиэтилен пакетінің ішінен жасырылған ұялы телефон анықталды.
Аталған екі факті бойынша материалдар ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 481-бабының 1-бөлігіне сәйкес сотқа жолданды.
Полиция ескертеді: қылмыстық-атқару жүйесі мекемелеріне ұялы телефондар мен олардың құрамдас бөліктерін, сондай-ақ өзге де тыйым салынған заттарды алып кіруге жол берілмейді. Мұндай әрекеттер үшін заңнамада әкімшілік жауапкершілік көзделген.