Маңғыстау облысының ПД бастығы халық алдында есеп берді
Маңғыстау облысының ПД бастығы халық алдында есеп берді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Маңғыстау облысы Полиция департаментінің бастығы Аян Дүйсембаев халық алдында есеп берді. Облыс тұрғындары оған сұрақтарын қойып, арыз, ұсыныс және өтініштерімен жүгінді.
Полиция басшысы есептік кездесу барысында өткен жылдың жедел-қызметтік жұмысының қорытындысын, сондай-ақ “полицияның сервистік моделіне” көшу барысында атқарылған жұмыстар мен полиция жұмысына “Жұртқа жақын полицей” қағидатын енгізу барысы туралы айтты.
– 2021 жылдың қорытындысы бойынша қылмыс деңгейінің төмендегені байқалады. Тұрғындардың тұруына қолайлы әрі қауіпсіз болуы үшін біздің тарапымыздан барлық қажетті шаралар қабылданып жатыр. Есірткі қылмыстарына қарсы күресте есірткіні сату, жарнамалау және тасымалдау фактілерін анықтауға басты назар аударылуда. Жыл басынан бері есірткі қылмысының 80 фактісі анықталды. Заңсыз айналымнан 240 келі жоғары есірткі заттары тәркіленіп, есірткіге қатысты екі ұйымдасқан қылмыстық топ ұсталды. Сонымен қатар, интернет желілеріне үнемі мониторинг жүргізіліп отырады. Нәтижесінде, есірткі құралдарын және есірткіге ұқсас заттарды интернет арқылы жарнамалап отырған 110 сайт бұғатталды, – деді облыстың бас полицейі.
Кездесу барысында қоғаммен өзара іс-қимыл жасасу, полиция қызметінің ашықтығы, сервистік модельге көшу туралы мәселені ерекше атап өтті. Жаңа модельге көшу аясында өткен жылы аудан әкімдерімен бірлесіп сегіз учаскелік полиция пункті ашылды. 2025 жылға дейін 43 учаскелік полиция бекеттерінің құрылысы жоспарланған.
Полиция қызметкерлеріне деген сенім мен серіктестікке негізделген сервистік модель аясында қала-аудан тұрғындарымен кездесу өткізуді жалғастыратындығын және жыл соңына дейін жоспарлы түрде халықпен жиі кездесетінін айтты.
Департамент бастығы полиция қызметіндегі басқа да негізгі бағыттардың бірі – құқық бұзушылықтар мен қылмыстардың, жол-көлік оқиғалары мен жол ережелерін бұзушылық деректерінің алдын алу екенін атап өтті. Бұл жерде тәртіп сақшыларына құқық қорғау бағытындағы қоғамдық құрылымдар, атап айтқанда, қоғамдық кеңестер, еріктілер, ІІО ардагерлері айтарлықтай көмек көрсетеді.
Өткен жылдың 12 айында қоғамдық қауіпсіздік бойынша 47 мыңдай, жол қауіпсіздігі бойынша 81 мыңдай құқық бұзушылықтар анықталды.
– Жол-көлік оқиғаларының басты себебі – көлік жүргізушілерінің жол қозғалыс ережелерін сақтамауы. Сондай-ақ, жылдамдықты асыруы және жаяу жүргіншілердің тас жолдағы белгіленбеген жерден өтуінен орын алып отыр. Жол-көлік оқиғаларын барынша азайту мақсатында Маңғыстау облысының елді мекендерінде жылдамдық режимін бұзу фактілерінің алдын алу шаралары ұйымдастырылуда. Қазіргі уақытта өңірде 13 жылдамдық өлшегіш және алты зияткерлік қиылыс камералары жұмыс жасайды, олардың санын алдағы уақытта екі есеге көбейту жоспарлануда. Қоғамдық және жол қауіпсіздігін тиісінше қамтамасыз ету мақсатында жыл сайын бейнебақылау желісі кеңейтілуде. Облыс бойыша Жедел басқару орталығының 936 бейнекамералары Ақтау және Жаңаөзен қалаларының көлемінде орналастырылған. Олардың көмегімен өткен жылы 240 қылмыс ашылып, 37 375 әкімшілік құқық бұзушылық фактілері анықталды. Сонымен қатар, аудан орталықтарында бейнебақылау камераларын орнату бойынша жұмысты бастап кеттік. Мемлекет басшысы 2022 жылды “Балалар жылы” деп белгіледі. Осыған байланысты мектеп әкімшілігімен және ата-аналар комитеттерімен өзара іс-қимыл жасау бойынша жұмыстар қайта қаралды. Мемлекет басшысының тапсырмасын жүзеге асыру шеңберінде – білім беру ұйымдарында да цифрландыру бойынша жұмыстар жүргізілуде, – деп атап өтті Дүйсембаев.
Полиция департаментінің бастығы өз баяндамасын аяқтағаннан кейін азаматтардың сұрақтарына жауап беріп, ұсыныстары мен пікірлеріне құлақ түрді. Тұрғындар жол қауіпсіздігі, кәмелетке толмағандарға қатысты қылмыстар, көше және аула қауіпсіздігіне қатысты сұрақтар қойды. Тұрғындар халықпен тығыз жұмыс жасап жатқан тәртіп сақшыларының қызметіне алғысын айтты.
Кездесу соңында Аян Дуйсембаев барлық облыс азаматтарына белсене қатысқандары үшін ризашылығын білдірді.