Маңғыстау облысының полицейлері кәсіби мерекелерін атап өтті
23 маусым – Қазақстан полициясы күні қарсаңында Маңғыстау облысы полиция департаментінде мерекеге арналған салтанатты іс-шара өткізілді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
ПД басшылығы мен ІІО ардагерлері қызмет бабында қаза болған әріптестерін еске алып, ескерткішке гүл шоқтарын қойды.
Іс-шараға облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбай және өзге де жергілікті құқық қорғау органдарының басшылары қатысты. Сонымен қатар ел үшін жанын беріп, қысқа өмірлерінде өшпестей із қалдырып кеткен батырлардың туған-туыстары арнайы құрметпен шақыртылды.
Жиында қызметтерін мінсіз атқарып, жоғары жетістіктерге қол жеткізген бірқатар тәртіп сақшысы марапатқа ие болды.
Атап айтсақ, өңір басшысы атынан 10 құрмет грамотасы мен 10 алғыс хат табысталды.
Ал ішкі істер министрі Ержан Саденовтің бұйрығымен 5 қызметкер арнаулы атақтарын алса, 7 қызметкер “Құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін”, “Ішкі істер органдарының үздігі” төсбелгілерімен марапатталды.
Департамент бастығы Сағындық Аяғановтың бұйрығына сәйкес 17 полиция қызметкері грамота, алғыс хат және бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Ішкі істер органдарының қалыптасуы мен дамуына елеулі үлес қосқан 28 ардагер “ІІМ-нің құрметті ардагері” төсбелгісімен, Құрмет грамотасымен, грамота, алғыс хаттармен наградталды.
Мерекелік кеш әрі қарай концерттік бағдарламаға ұласты.