Маңғыстау облысының тұрғыны Полиция департаментінің басшылығына алғысын білдірді
Маңғыстау облысының Полиция департаменті бастығының жеке қабылдауында болған аудан тұрғыны ауыл тұрғындарының өзекті мәселесін шешіп берген ПД басшылығына алғысын білдірді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
3 ақпанда Мұнайлы аудандық полиция бөлімінде өткен жедел кеңестен кейін азаматтарды қабылдау барысында Маңғыстау облысы Полиция департаментінің бастығына Басқұдық ауылының тұрғыны Сенгербек Джайлибаев есімді азамат Алау елді мекенінің жанынан өтетін тас жолға жаяу жүргіншілер өткелін орнату туралы сұрақпен жүгінген болатын.
Оның айтуынша, Алау елді мекенінің жанындағы тас жолды кесіп өту ауыл тұрғындарына қиындық тудырып келген. Жаяу жүргіншілер өткелінің болмауына байланысты, жергілікті тұрғындар бірнеше рет келеңсіз жағдайларға ұшыраған.
Департамент басшысы қабылдау барысында аталған тұрғынға мәселені шешуді өз бақылауында ұстайтынын айтып, аудан полицейлеріне тапсырма берді.
Қазіргі таңда жолдың аталған учаскесінде жаяу жүргіншілер өткелі орналастырылып, жергілікті халық түйткілді мәселенің оңтайлы шешімін тапқан полиция қызметкерлеріне алғыстарын білдірді.