Маңғыстау өңіріндегі ҚАЖ мекемелерінде шахматтан онлайн турнир өткізілді
Маңғыстау өңіріндегі ҚАЖ мекемелерінде шахматтан онлайн турнир өткізілді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Маңғыстау облысы бойынша ҚАЖ департаментінің мекемелерінде ерекше зияткерлік сайыс – онлайн шахмат турнирі ұйымдастырылды. Ойынға колония-қоныстан (№43 мекеме) және тергеу изоляторынан (№77 мекеме) сотталғандар қатысты.
Жарыстың төрелігі шахмат спортының кәсіби маманы, Ақтау қаласындағы "Шерхан" шахмат мектебінің жаттықтырушысы Төлен Әбділлаға жүктелді. Оның тәжірибесі мен әділ бағасы турнирдің қызықты әрі спорттық тартысты өтуіне ықпал етті.
Партиялар тартысты да достық атмосферада өтті. Қатысушылар шахматтағы шеберлігін ғана емес, сабырлылық пен зейінін, сондай-ақ бірнеше қадам алға ойлай білетін қабілетін де көрсетті.
Турнирдің жеңімпазы – колония-қоныстан қатысқан сотталған атанды. Ол қарсыластарын сенімді ойынымен ұтып, үздік стратегиясын дәлелдей білді.
Осындай шаралар ҚАЖ мекемелерінде сотталғандардың бос уақытын мазмұнды өткізуге, интеллектуалдық қабілеттерін дамытуға, тәртіп пен өзін-өзі жетілдіруге тәрбиелеуге ықпал етеді.