Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Маңғыстау полицейлері «Динамо» спорт қоғамын құттықтады

Маңғыстау облысының Полиция департаменті “Динамо” дене шынықтыру және спорт қоғамын 95 жылдық мерейтойымен құттықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Қырағылық, күштілік, төзімділік – бұл полиция қызметкерлерінің бойынан табылуы тиіс басты қасиеттер. Тәртіп сақшысының қызметі мен спорт – қатар жүретін ұғымдар. Спорттың қай түрін болмасын меңгеру бүгінгі құқық қорғау қызметкерлерінің ел алдындағы борышын абыроймен атқару, қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қорғау, құқық бұзушылықты болдырмау, азаматтардың заңды мүдделерін қорғау кезінде қажет.

Міне, осы тұста «Динамо» спорт қоғамының атқарып отырған еңбектері орасан зор. Бүгінде аталмыш қоғамның құрылғанына 95 жыл толып отыр. Осы уақытқа дейін өңірімізден шыққан спортшылар саны аз емес. Олардың ішінде, әлем чемпиондары Берік Абдрахманов  пен Әділбек Ниязымбетов, ІІО ардагері, әлем чемпионы Қайрат Үргешбаевты ерекше атап өтсек болады. «Динамо» қоғамының мүшелері түрлі спорттық жарыстарда ел намысын абыроймен қорғап жүрсе, мұнда облыстық филиал төрағасы Игорь Садыкиннің үлесі зор.

Ішкі істер, құқық қорғау органдары, кеден және ішкі әскерлер қызметтері қызметкерлерінің дене шынықтыру және арнайы дайындықтарын дамыту, сонымен қатар бұқаралық спортты, балалар спортын дамытып, жетілдіруге жәрдемдесу “Динамо” дене шынықтыру және спорт қоғамының басты міндеттері болып табылады.

Полиция қызметкерлерінің кәсіби білімі мен біліктілігі сақадай сай болуы тиіс. Департаменттің барлық жеке құрамы осы дене шынықтыру залында жаттығып, үнемі жауынгерлік дайындықтарын жетілдіру бойынша жұмыс істейді. Арнайы және жұмылдыру даярлығы басқармасы қызметкерлерге арналған оқу-жаттығу сабақтары мен психологиялық тұрғыда даярлау дәрістерін жиі ұйымдастырып тұрады.

– “Динамо” дене шынықтыру және спорт қоғамын 95 жылдық мерейтойымен шын жүректен құттықтаймын. Тәртіп сақшыларының жаттығу жасауына мүмкіндік туғызып, әрқашан өз тараптарынан қолдау білдіргені үшін алғысымызды білдіреміз. Сіздерге әлемдік деңгейдегі спорттың шыңдарын бағындыруға тілектеспіз,- деді Маңғыстау облысы Полиция департаментінің бастығы Ж.Бақтыбаев.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру