Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Маңғыстау полицейлері мектеп бітіруші түлектермен кездесті

Маңғыстау облысы Полиция департаментінің қызметкерлері өңір аудандарын аралап, мектеп бітіруші түлектермен кездесті, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Кездесудің басты мақсаты –  мектеп түлектеріне мамандық таңдауда бағыт-бағдар беріп, ішкі істер органдарында қызмет атқаруға шақыру болып табылады.

Мемлекеттік қызмет – бұл әрқашан да тұрақты әлеуметтік жағдай, жақсы жалақы мен мансапқа қол жеткізу мүмкіндігі. Қазіргі кезде үміткерлерді ішкі істер органдарына қызметке қабылдау, даярлау мен олардың біліктілігіне ерекше назар аударылып, жоғары талаптар қойылады.

Кездесулер барысында болашақ абитуренттерге еліміздің таңдаулы жоғары оқу орындарының бірі – Қазақстан Республикасы ІІМ-нің Б.Бейсенов атындағы Қарағанды академиясы таныстырылып, ондағы білім беру бағдарламалары, аталмыш оқу орнында оқудың артықшылықтары, оқуға түсу тәртібі бойынша түсініктемелер берілді.

«Құқық қорғау қызметі» мамандығына түсу арқылы талапкер күндізгі оқыту нысаны бойынша мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандартына сәйкес, ІІО-дағы сотқа дейінгі тергеп-тексеру мен ІІО жедел-криминалистикалық қызметі бағдарламаларын меңгереді.

Мемлекеттік тапсырыс негізінде қабылдап, оқытатын бұл академияда болашақ құқық қорғау органдарының мамандары үшін барлық жағдай жасалған.

– ІІМ-нің жоғары оқу орындарына оқуға түсу үшін өңір түлектеріне Маңғыстау облысы Полиция департаментінің Кадр саясаты басқармасынан медициналық тексеруден өтуге жолдама алып, қажетті құжаттар тізбесін ресімдеу керек. Медициналық куәландырудан, арнайы тексерістен және ҰБТ-дан сәтті өткен үміткерлердің нәтижелері ескеріле отырып, конкурсқа қатысу үшін Қарағанды академиясының оқу-далалық лагеріне жіберіледі, – деп түсіндірді Маңғыстау облысының ПД Кадр саясаты басқармасының бастығы Қандарбек Бахтыгереев.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру