Маңғыстау полицейлері өрт шыққан үйден адамдарды аман алып шықты
Маңғыстау полицейлері өрт шыққан үйден адамдарды аман алып шықты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
21 желтоқсан күні Қарақия ауданына қарасты Құрық елді мекенінде екінші шағын аудандағы көпқабатты үйлердің пәтерінің бірінен өрт шыққан.
Қоғамдық тәртіпті бақылауда ұстап, көшелерді патрульдеп жүрген учаскелік полиция инспекторлары Аслан Есенгалиев пен Айдос Думаш кезекші бөлімнен хабарлама түскен бойда бірден мекенжайға бағыт алды. Оқиға орнына барғанда 2-қабаттағы пәтерден түтін шығып жатқандығын көріп, бірден адамдарды эвакуациялауға кірісті. Өрт болған қабаттан 9 адамды алып шыққаннан кейін басқа да пәтерлерді тексеру барысында үстіңгі қабаттағы пәтердің бірінде анасы мен баласының қалып қойғандығын байқады.
Учаскелік полиция инспекторлары жедел әрекет еттті және әріптестері Аслан Есенгалиев 7 жас шамасындағы жасөспірімге противогаз кигізіп, анасы екеуін далаға шығаруға көмектесті. Қасындағы әріптесі тағы бір ересек әйелді эвакуациялады. Осылайша полиция қызметкерлері адам өмірі мен денсаулығына төнген қауіптің алдын алды.
Тұрғындар Қарақия ауданы полиция бөлімінің қызметкерлеріне шексіз ризашылығын білдіріп, қызметтері үшін алғысын білдірген.