Маңғыстауда 1200-ге жуық шетелдік азамат әкімшілік жауапқа тартылды
Маңғыстауда 1200-ге жуық шетелдік азамат әкімшілік жауапқа тартылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Көші-қон полициясының негізгі қызметі – Қазақстанға келетін шетелдіктердің ел аумағында болу тәртібін реттеу, заңсыз көші-қонмен, шетел азаматтарының келу фактілерінің бұзылуымен күресу, алдын алу. Маңғыстау облысында қазіргі уақытта 10 мыңнан астам шетелдік азамат өмір сүреді. Жыл басынан бері ҚР азаматтығына 1700 адам қабылданды, ал 13412 тұлға шетелдік тіркеуге алынды.
Сонымен қатар республика аумағында болу ережелерін ескермей, басқа да әкімшілік құқық бұзушылықтарға жол берген 1148 шетелдік жауапкершілікке тартылды. Оларға 5,8 млн теңгеге жуық айыппұл салынды. Бұдан бөлек төрт айлық көрсеткіш бойынша, сот органдары шешімімен 157 шетелдік азамат мемлекет аумағынан тысқары шығарылды.
Маңғыстау облысы ПД көші-қон қызметі басқармасы өңір тұрғындарын және шетелдік қонақтарды еліміздің көші-қон саласындағы заңнамасын қатаң ұстануға шақырады.