Маңғыстауда 2024 жылы екі тоннаға жуық бекіре балығы тәркіленді
Маңғыстауда 2024 жылы екі тоннаға жуық бекіре балығы тәркіленді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Маңғыстау облысы полиция департаментінің Жергілікті полиция қызметі басқармасының табиғатты қорғау полициясы жыл бойы атқарған жұмыстарының қорытындысын жариялады.
2024 жылы табиғат қорғау заңнамасын сақтау бағытында 43 қылмыс анықталды. Оның барлығы Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 335-бабы бойынша (Балық ресурстарын, басқа да су жануарлары мен өсімдіктерін заңсыз өндіру) тіркелген.
Сонымен қатар аталған кезеңде 839 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оның ішінде:
Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 383-бабы бойынша (Балық аулау мен су жануарларын қорғау қағидаларын бұзу) – 110 құқық бұзушылық;
382-бабы бойынша (Жануарлар дүниесін пайдалану талаптары мен аң аулау қағидаларын бұзу) – 645 құқық бұзушылық;
505-бабы бойынша (Қалаларды қорғау мен елді мекендердің инфрақұрылымын бұзу) – 84 құқық бұзушылық анықталып, барлық дерек бойынша әкімшілік хаттамалар толтырылды.
Табиғат қорғау заңнамасын бұзған тұрғындардан барлығы 1946 кг 286 грамм бекіре тұқымдас балық, 5 кг 425 грамм уылдырық, 72 дана киік мүйізі және 763 кг 550 грамм киік еті тәркіленді.
Маңғыстау облысының полиция қызметкерлері тұрғындарды және облыс қонақтарын табиғат қорғау заңдарын бұзбауға, қоршаған ортаны сақтауға шақырады. Сондай-ақ браконьерлік әрекеттер мен табиғатқа зиян келтірудің қылмыстық және әкімшілік жауапкершілікке әкелетінін ескертеді.