Маңғыстауда 75 сотталған қоғамдық жұмыстарға тартылды
Маңғыстау облысында 75 сотталғанға сот шешімімен 20-дан 300 сағатқа дейінгі мерзімде қоғамдық жұмыстар тағайындалды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Олар жергілікті атқарушы органдар белгілеген ұйымдарда еңбек етіп, өңірдің тазалығы мен абаттандыруына үлес қосуда.
Қоғамдық жұмыстар аулаларды тазалау мен көгалдандыруды, көшелерді абаттандыруды, коммуналдық қызметтерге көмектесуді қамтиды. Сотталғандар қалалық, аудандық, ауылдық әкімдіктерде, сондай-ақ "Актаукурылыссервис", "Green City", "Өзен-инвест", "Тұрмыс-сервис" сияқты мекемелерде еңбек етуде.
Мәселен, Ақтау қаласының тұрғыны ҚР ҚК-нің 108-1-бабы бойынша кінәлі деп танылып, 60 сағат қоғамдық жұмысқа тартылды. Ол қазір "Green City" компаниясында қоғамдық аумақтарды тазалау және тәртіпті сақтау жұмыстарын атқарып жүр.
Пробация қызметінің мамандарының айтуынша, мұндай шаралар сотталғандарға өз әрекетінің салдарын түсінуге, жауапкершілік пен тәртіпке үйренуге көмектеседі. Сонымен қатар қоғамдық жұмыстар – бостандықтан айыруға балама жаза. Ол сотталғанға қоғамнан қол үзбей, түзеліп, қалыпты өмірге оралуға мүмкіндік береді.