Маңғыстауда есептегі 140-тан астам сотталған мекенжайы бойынша тексерілді
Маңғыстауда «Пробация» ЖПІШ аясында есептегі 140-тан астам сотталған мекенжайы бойынша тексерілді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Маңғыстау облысында «Пробация» республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы 14 наурыздан бастап өткізілуде.
– Іс-шараның негізгі мақсаты – құқық бұзушылықтардың алдын алу және бас бостандығынан айырусыз жазамен сотталған адамдар тарапынан қайталама қылмыстарға жол бермеу, – деп атап өтті Маңғыстау облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің пробация қызметіне басшылық ету бөлімшесінің бастығы Оралбек Исатаев.
Пробация қызметкерлері учаскелік полиция инспекторлары криминалдық және ювеналдық полиция қызметкерлерімен бірлесе отырып, тұрғылықты жері, жұмыс және оқу орны бойынша шартты сотталғандарды тексеруді, сондай-ақ қайталама қылмыстарға жол бермеу туралы профилактикалық әңгімелесулерді жүргізуде.
Қазіргі уақытта облыс бойынша пробация есебінде 901 адам тұр. Іс-шараның бірінші күні пробация қызметкерлері мекенжайлар бойынша 140-тан астам адамды тексерді. Тексеру қорытындысы бойынша 22 сотталған үйлерінде болмады.
Олардан түсініктемелері алынып, ескерту берілді. Қызметкерлердің айтуынша, бұл шектеулер колониядан ертерек босатылған, сынақ мерзімінен өткен немесе еркін қозғалыста шектелген адамдарға ғана қатысты.