Маңғыстауда есірткінің заңсыз айналымына байланысты 300-ге жуық дерек тіркелді
Маңғыстауда жыл басынан бері есірткінің заңсыз айналымына байланысты 300-ге жуық дерек тіркелді, – деп хабарлайды Polisia.kz
Маңғыстау облысында Есірткіге қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлерімен жыл басынан бері 284 есірткіге қарсы құқық бұзушылық анықталды. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 27,3%-ға азайған.
Жалпы көлемде есірткі қылмысының 34 дерегі тіркелді. Оның 19-ы есірткі сату, сегізі есірткіні аса ірі мөлшерде заңсыз сақтау және төртеуі құрамында заңмен тыйым салынған есірткі бар өсімдіктерді егу дерегі.
Сондай-ақ, есірткіні заңсыз жарнамалаған екі тұлға қылмыстық кодекстің 299-бабының 1-бөлігімен жазаланды. ҚР ҚК-нің 300-бабымен 4 дерек орын алып, есірткі притонын ұйымдастырған бір факті анықталды.
Тәртіп сақшыларымен 250 есірткі қылмысына қарсы теріс қылықтар тіркеліп, заңсыз есірткі айналымынан 250 келіге жуық есірткі заттары тәркіленіп алынды.
Нашақорлық пен есірткі қылмыстарының алдын алу мақсатында Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы алдын алу жұмыстарын тұрақты түрде өткізеді. Осы бағытта 87 профилактикалық іс-шара ұйымдастырылып, 353 граффити жазулары жойылды. Ал есірткі мен олардың аналогтарын жарнамалайтын және сатумен айналысатын 42 ғаламтор сайты бұғатталды.