Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Маңғыстауда облыстық мәслихаттың депутаттары полицейлердің қызметімен танысты

Маңғыстауда облыстық мәслихаттың депутаттары Полиция департаментінің қызметімен жақынырақ танысып, полицейлердің  тыныс-тіршілігіне қанықты, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Мәслихат депутаттары Ахмет Салманов, Аббат Урисбаев және облыстық мәслихат хатшысы Нури Тумышев бастаған делегацияны Кадр саясаты басқармасының бастығы Қандарбек Бахтыгереев Ішкі істер органдарын жаңғырту жөніндегі жол картасын іске асыру аясында әрі халыққа кедергісіз қызмет көрсету мақсатында Ішкі істер министрінің бұйрығымен жүзеге асқан азаматтарды қабылдау кеңсенің жұмысымен таныстырды. Департаментке қарасты қалалық, аудандық Полиция басқармалары мен бөлімдерінде де осындай азаматтарды қабылдау орындары бар.

Облыстық Полиция департаментінде мұндай кеңселер 2019 жылдан бері жұмыс істейді, жыл басынан бері кеңсеге 21 адам жүгінсе, 35 тұрғын онлайн форматта қабылданды. Азаматтарды қабылдау кеңселерін қалыптастыру – бүгінгі күннің талабы, азаматтарды қабылдауға арналған бөлмелер ішкі істер органдары қызметінің ашықтығын қамтамасыз етеді, әрі жұртшылықтың полицияға деген сенімін арттыра түседі.

Сондай-ақ Департамент бастығының орынбасарлары Болатбек Ақшауов пен Жанар Иргалиева депутаттарды Жедел басқару орталығының қызметімен таныстырды. Жедел басқару орталығы қаланың бейнебақылау камераларымен жабдықталған аумағын  бақылауда ұстап, кез-келген құқық бұзушылықтың алдын алуға және жолын кесуге мүмкіндік береді.

Қазіргі таңда облыс бойынша адамдар көп жиналатын жерлерде, қауіпті аймақтарда, ойын-сауық орталықтарында 600 бірлік бейнекамера орнатылған.

Сонымен қатар “Бұлтты бейнебақылау” жүйесін де ерекше атап өткен жөн. “Қазақтелеком” АҚ орнатқан көпқабатты үйлердегі камералардың жазбалары Жедел басқару орталығына тікелей қосылған. Олардың көмегімен ЖБО қызметкерлері көпқабатты үйлердің кіреберісін және төңірегін бақылай алады. Бұл өз кезегінде, үй тонау, пәтер ұрлығы секілді қылмыстарды анықтауға, ізін суытпай ашуға септігін тигізеді.

– Камералардың болуы халықты саналы түрде тәртіпке шақырады. Камераны байқаған адам құқық бұзушылық немесе қылмыс жасаудан сескенеді. Өйткені, бүгін не ертең камераның көмегімен оның әрекеті әшкере болатыны анық. Осы орайда тәртіп сақшыларының қызметіне заманауи техниканың енуі үлкен көмек болғанын атап айтсақ болады,- деді Департамент бастығы Жанарбек Бақтыбаев.

Бұдан бөлек, депутаттарға 1 ақпаннан бастап іске қосылған “102” мобильді қосымшасы да таныстырылды.

Кездесу соңында облыс мәслихатының депутаттары Полиция департаментінің жұмысына оң бағаларын берді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру