Маңғыстауда полицейлер дрон арқылы жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуде
Маңғыстауда полицейлер дрон арқылы жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуде, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Жол-көлік оқиғаларының алдын алу және жолдағы тәртіпті күшейту мақсатында Маңғыстау облысының полиция департаменті заманауи технологияларды қолдануды жүйелі түрде жолға қойды. Соның ішінде патрульдік полиция қызметкерлері дрон құрылғыларын пайдалану арқылы құқық бұзушылықтарды дер кезінде анықтап отыр.
Бұл шара Ішкі істер министрі Ержан Саденовтың тапсырмасы мен облыстық ПД бастығы Сағындық Аяғановтың бастамасы негізінде жүзеге асуда. Қазіргі таңда аймақтық және республикалық маңызы бар автожолдарда арнайы дайындықтан өткен патрульдік полиция ротасының инспекторлары дрон көмегімен жол қозғалысына бақылау жүргізуде.
Дронды басқару бойынша оқыту курстары ұйымдастырылып, әр қызметкердің дағдыны толық меңгеруі қатаң қадағаланады. Бұл қадам жылдамдықты шамадан тыс арттыру, қарсы бағытқа шығу секілді қауіпті құқық бұзушылықтардың алдын алуға, сондай-ақ жол-көлік оқиғаларының санын азайтуға бағытталған.
Сонымен қатар өңірде халықаралық туризмнің дамуына орай полицейлердің ағылшын тілін меңгеруіне ерекше көңіл бөлінуде. Ш. Есенов атындағы Каспий технологиялар және инжиниринг университетімен жасалған меморандум аясында патрульдік полиция қызметкерлері, учаскелік инспекторлар және ювеналды полиция бөлімшелерінің мамандары тілдік курстарға қатысып жүр. Сабақтар университет оқытушыларының қатысуымен облыс орталығында өтуде.
Жаңа технологиялар мен шет тілдерін меңгеру – қоғаммен тиімді байланыс орнатудың, құқық бұзушылықтардың алдын алудың және жол қауіпсіздігін қамтамасыз етудің негізгі тетігі болып табылады.