Маңғыстауда полицейлер ұстаздарды мерекемен құттықтады
Маңғыстауда полицейлер ұстаздарын мерекемен құттықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Маңғыстау облысында полиция департаментінің бастығы Сағындық Аяғановтың бастамасымен, сондай-ақ бүкіл басшылық құрамы – бастықтың орынбасарлары, қала және аудан полиция басқармаларының, бөлімдерінің бастықтары, басқарма жетекшілері – ұстаздарды кәсіби мерекесімен құттықтады.
Бұл күні ерекше алғыс пен ілтипат шамамен 100 ұстазға айтылды. Олардың қатарында бүгінгі күні басшылық қызметте жүрген полицейлерге кезінде білім берген ұстаздар да, сондай-ақ қазіргі таңда полициямен тығыз байланыста профилактикалық іс-шараларды, рейдтерді және жас ұрпақты тәрбиелеу жұмыстарын бірлесе атқарып жүрген мұғалімдер де бар.
Іс-шара барысында ұстаздар мен полицейлердің ортақ еңбегі ерекше атап өтілді. Олар "Заң және тәртіп" қағидатын білімнің құндылығымен ұштастыра отырып, жас ұрпақты тәртіпке құрметпен қарауға, Заңға, отансүйгіштікке және жауапкершілікке тәрбиелеуде маңызды рөл атқарып келеді.
— Ұстаздар – біздің алғашқы өмірлік бағыт-бағдарымызды берген, өмірге жол ашқан тәлімгерлеріміз. Бүгін біз қоғамға қызмет етуді таңдасақ, соның бастауында ұстаздарымыздың еңбегі жатыр. Қазір де бізбен бірлесе отырып жас буынды тәртіпке, Заңға бағынуға және отансүйгіштікке тәрбиелеп жүрген ұстаздарға шын жүректен алғыс айтамыз, — деді Полиция департаментінің бастығы.
Полицейлер ұстаздарға мықты денсаулық, амандық-саулық және абыройлы еңбектерінде табыс тіледі.