Маңғыстауда полиция профилактикалық жұмыстарды күшейтті
Маңғыстауда полиция профилактикалық жұмыстарды күшейтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Маңғыстау облысында полицияның төрағалығымен облыс әкімдігі жанындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысы өтті. Жиында биылғы жылдың алғашқы бір айы мен 13 күніндегі өңірдегі қоғамдық тәртіп пен жол қозғалысы қауіпсіздігінің жай-күйі қаралды.
Жыл басынан бері өңірде 462 қылмыстық құқық бұзушылық тіркелді. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 25 дерекке азайғанын көрсетеді. Аталған көрсеткіш қабылданған алдын алу шараларының тиімділігін айқындайды.
Өңірдегі жедел ахуалды тұрақтандыру және құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында ішкі істер органдары профилактикалық жұмысты күшейтті. Атап айтқанда профилактикалық есепте тұрған тұлғаларға мекенжайлық тексерулер жүргізілуде. Бұрын сотталған, шартты түрде мерзімінен бұрын босатылған және әкімшілік қадағалаудағы азаматтарға бақылау ұйымдастырылған.
Сонымен қатар қолайсыз отбасылар тексеріліп, кәмелетке толмағандарға әлеуметтік қолдау көрсету шаралары қолға алынған. Қылмыс жиі тіркелетін криминогендік учаскелерде және жол-көлік оқиғалары орын алатын аумақтарда патрульдік қызмет күшейтілді.
Жасөспірімдер қылмысының алдын алу, сондай-ақ киберқылмыстар мен интернет-алаяқтықтарға қарсы күрес бағытындағы жұмыстар да жандана түсті. Бұдан бөлек, алкогольдік және есірткі заттарын теріс пайдаланатын тұлғаларды емдеу мәселелері бойынша денсаулық сақтау органдарымен бірлескен жұмыстар жүргізілуде.
Отырыс барысында 2025 жылға арналған ведомствоаралық комиссия шешімдерінің орындалуына талдау жүргізу және профилактикалық іс-шаралардың жүзеге асырылуын тұрақты бақылауда ұстау тапсырылды.
Маңғыстау облысының полициясы қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, ауыр және аса ауыр қылмыстардың алдын алу, сондай-ақ құқық бұзушылықтар деңгейін төмендету бағытындағы жүйелі жұмыстарын жалғастыруда. Қабылданған шаралар өңірдегі криминогендік ахуалды тұрақтандыруға және тұрғындардың қауіпсіздігін арттыруға бағытталған.
