Маңғыстауда пробация қызметінің тиімділігін арттыру жолдары талқыланды
Маңғыстауда пробация қызметінің тиімділігін арттыру жолдары талқыланды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Маңғыстау аудандық әкімдігінде аудан әкімінің орынбасары Маралбек Сейловтың төрағалығымен маңызды жұмыс кеңесі өтті. Кеңеске аудандық пробация қызметінің инспекторлары, прокуратура, жұмыспен қамту орталығы, білім бөлімі, аудандық аурухана және басқа да мемлекеттік мекемелердің өкілдері қатысты.
Жиында пробация қызметінің жұмысын жақсарту, есепте тұрған азаматтарды қоғамға бейімдеу және олардың әлеуметтік тұрғыда қолдау шараларын күшейту мәселелері кеңінен талқыланды. Атап айтқанда, пробация есебінде тұрған тұлғалардың медициналық көмекке қолжетімділігі, жұмыспен қамтылуы және құқықтық сауаттылығын арттыру бағытында жүргізіліп жатқан жұмыстар сарапталды.
Сондай-ақ Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 108-бабы (Денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру) және 109-бабы (Ұрып-соғу) бойынша құқық бұзушылық жасаған азаматтарға қылмыстық іс қозғалып, олардың іс-әрекетінің ауыр салдарға әкелетіндігі ерекше атап өтілді. Осы бағытта пробация қызметі есебіндегі тұлғалармен тұрақты түсіндіру жұмыстарының жүргізілуі маңызды міндет ретінде қойылды.
Кеңес барысында қатысушылар пробация есебіндегі азаматтардың құқық бұзушылық жасауының алдын алу үшін кешенді шараларды іске асырудың маңыздылығын атап өтіп, өзара бірлескен іс-қимылдың тиімділігін арттыру қажеттілігін сөз етті.