Маңғыстауда "Қақпа алдындағы кездесу" жобасы аясында бостандыққа шыққан азаматқа жан-жақты қолдау көрсетілді
Маңғыстауда "Қақпа алдындағы кездесу" жобасы аясында бостандыққа шыққан азаматқа жан-жақты қолдау көрсетілді, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Маңғыстау облысы бойынша ҚАЖ департаментінің №43 мекемесінде мекеме бастығы Сансызбай Аминовтың төрағалығымен "Қақпа алдындағы кездесу" әлеуметтік жобасы шеңберінде арнайы кездесу өтті.
Іс-шараға Ақтау қалалық арнаулы әлеуметтік бейімдеу орталығы мен «РАЙ» әлеуметтік көмек көрсету орталығының өкілдері, сондай-ақ мекеме қызметкерлері қатысты. Жобаның негізгі мақсаты – бас бостандығынан айыру орнынан босайтын азаматтың өмірінің жаңа кезеңіне әлеуметтік әрі психологиялық бейімделуіне қолдау көрсету.
Кездесу барысында жазасын толық өтеп шыққан азаматпен алдын ала түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Ол тұрақты тұрғылықты жері болмағандықтан, уақытша арнаулы әлеуметтік бейімдеу орталығына орналастырылды.
Мамандар тарапынан оған жұмысқа орналасу, кәсіби білім алу, құжаттарды рәсімдеу және психологиялық қолдау көрсету секілді бірқатар көмектер көрсетілетін болады. Бұл шаралар азаматтың қоғамға қайта бейімделуіне, өмірін жаңа арнада бастауына және қайталама құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған нақты әрі тиімді қадам болып табылады.