Маңғыстауда ҚАЖД қызметкерлері жастарға кәсіби бағдар берді
Маңғыстауда ҚАЖД қызметкерлері жастарға кәсіби бағдар берді, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Маңғыстау облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің қызметкерлері аймақтағы бірқатар жалпы білім беру мектептерінде жоғары сынып оқушыларымен арнайы кездесу өткізді. Бұл шараның басты мақсаты – Шырақбек Қабылбаев атындағы Қостанай академиясына оқуға түсу мүмкіндіктерін түсіндіру және құқық қорғау саласының маңыздылығын насихаттау.
Кездесу барысында оқушыларға академияға түсу талаптары мен оқу бағдарламалары туралы жан-жақты мәлімет берілді. Сондай-ақ курсанттар үшін қарастырылған әлеуметтік кепілдіктер, ай сайынғы стипендия, тегін оқу, жатақханамен қамтамасыз ету мүмкіндіктері туралы толық ақпарат ұсынылды. Құқық қорғау саласының қоғамдағы рөлі, ҚАЖД қызметкерлерінің негізгі міндеттері мен олардың ел болашағына қосатын үлесі жайлы айтылғанда, оқушылардың қызығушылығы арта түсті.
Кездесуден кейін департамент өкілдері әскери бөлімге барып, Отан алдындағы борышын өтеп жүрген сарбаздармен де жүздесті. Ашық диалог форматында өткен бұл кездесу барысында жас сарбаздар өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, мазмұнды жауаптар алды. Әсіресе академияны аяқтағаннан кейін жұмысқа орналасу, мансаптық өсу және қызмет барысында көрсетілетін әлеуметтік қолдау мәселелері жастардың ерекше назарын аударды.
Маңғыстау облысы бойынша ҚАЖ департаменті құқық қорғау органдарына болашақ мамандарды тарту және кәсіби бағдарлау жұмыстарын жүйелі түрде жүргізіп келеді. Осындай іс-шаралар жас ұрпақты ел мүддесі үшін абыройлы қызмет етуге шабыттандырып, жауапты әрі беделді мамандық таңдауға жол ашады.