Маңғыстауда қоян-қолтық ұрыстан жүлдемен оралған ҚАЖ қызметкерлері марапатталды
Маңғыстауда қоян-қолтық ұрыстан жүлдемен оралған ҚАЖ қызметкерлері марапатталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жуырда Ақмола облысында қаңтарда болған оқиғаларға байланысты қызметтік міндетін атқару кезінде қаза тапқан қызметкерлер мен әскери қызметшілерді еске алуға арналған Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің қызметкерлері арасындағы қоян-қолтық ұрыстан ХІІІ чемпионаты өтті.
Жарысқа 178 спортшыдан құралған 16 команда қатысты. Барлық қатысушы облыстық ҚАЖ аумақтық департаменттерінің қызметкерлері.
Маңғыстау облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің қызметкерлері де чемпионатқа қатысып, одан құр қол келмеді.
Бүгін департамент басшысы Алтынбек Қалиев жүлделі орынға ие болған қызметкерлерді жеңістерімен құттықтап, бағалы сыйлықтармен марапаттады.
– Спорт – денсаулық кепілі, спорттағы жетістіктер – ел мерейін өсіретін, азаматтық намыс пен жігерін шыңдап, даңқын арттыратын тынымсыз еңбектің жемісі. Мұндай жеңістер қажырлы күшпен келеді. Алдағы уақытта талай спорт шыңдарын бағындыратындарыңызға сенемін. Сіздерге қызметте табыс пен сәттілік тілеймін, – деді ведомство басшысы.
Республикалық жарыста ГМ-172/10 мекемесінің бақылаушысы Гауһар Серікова 53 келі салмақ дәрежесінде сайысқа түсіп, қоян-қолтық ұрыстан күміс жүлдеге ие болды. Гауһар жеті жастан бастап спортпен шұғылданады. Ол самбодан Азия чемпионы, Қазақстан чемпионатының жүлдегері, дзюдо күресінен спорт шеберіне үміткер.
73 келі салмақ санатында бағын сынап, қола жүлдеге ие болған Берік Абдикаримов ГМ-172/6 мекемесінің режим бөлімінің аға жедел уәкілі. Спортпен 13 жастан айналысып бастаған. Бокстан облыс чемпионы, бокстан Қазақстан және халықаралық турнирлердің жүлдегері, қоян-қолтық ұрыстан бірнеше жарыстардың жеңімпазы болды.
88 келі салмақта қола жүлдегер Ержан Құрбанбай ГМ-172/6 мекемесінің сотталғандар арасында тәрбие және әлеуметтік-психологиялық жұмыстары бойынша бөлімнің жасақ бастығы. Еркін күрестен І-ші дәрежелі спортшы, дзюдодан спорт шеберіне үміткер.
Чемпионатта 97 келі салмақ дәрежесінде Тимур Кенжеғалиев қола жүлдеге ие болды.12 жасында бокс мектебінің алғаш табалдырығын аттап, бірнеше турнирлердің жүлдегері атанып үлгерді. Спорт шеберіне үміткер Тимур Кенжеғалиев ГМ-172/8 мекемесінің бақылаушысы болып қызмет атқарады.