Маңғыстауда құқық қорғау органдарының қызметкерлері арасында оқу-әдістемелік жиын өткізілді
Маңғыстауда ІІМ ұйымдастыруымен құқық қорғау органдарының қызметкерлері арасында оқу-әдістемелік жиын өткізілді, – деп хабарлайды Polisia.kz
Қазіргі таңда полиция қызметіне мемлекет пен қоғам тарапынан жаңаша талаптар қойылуда, бұл тұста ең басты мақсат – жұртшылықтың ішкі істер органдарына деген сенімін нығайту. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев халыққа жолдауында “Жұртқа жақын полиция” қағидатын атап өтіп, бұқара халық пен полицияның арасындағы байланысты күшейтіп, тығыз қарым-қатынасты орнату қажеттілігі туралы нақты тапсырмалар берген болатын.
Ішкі істер министрлігімен ІІО қызметкерлерінде азаматтық-құқықтық дүниетанымды, патриотизмді, ант пен қызметтік борышқа адалдықты қалыптастыру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Осы ретте ҚР ІІМ Идеологиялық және имидждік жұмыс департаментінің ұйымдастыруымен Маңғыстау облысы құқық қорғау органдары, атап айтқанда Полиция департаменті, Қылмыстық-атқару жүйесі департаменті, Мамандандырылған күзет қызметі басқармасы және Желілік ішкі істер бөлімі қызметкерлері арасында “Ішкі істер органдарында идеологиялық және имидждік жұмысты ұйымдастыру” тақырыбында төрт күндік оқу-әдістемелік жиыны өткізілді.
Полиция қызметкерінің жаңа келбетін қалыптастыру, отансүйгіштік, рухани-адамгершілік қасиеттерді арттыру, қызметтік әдеп пен мінез-құлық мәдениетін сақтауы мақсатында ұйымдастырылған бұл іс-шараның модераторы — Идеологиялық және имидждік жұмыс департаментінің ғылыми қызметкері, ІІО құрметті ардагері, запастағы полиция полковнигі Б.Қаженов болды. Төрт күнге жалғасқан шара барысында Болат Қаженов Қазақстан полициясының оң имиджін қалыптастыру және қоғаммен байланысты түзету бағытында маңғыстаулық тәртіп сақшыларына дәрістік, тәжірибелік семинар сабақтарын өткізіп, ауқымды тақырыптарды талқылады.
Оқу-әдістемелік жиынның соңғы күнінде Маңғыстау облысы ПД бастығының орынбасары Қ.Бахтыгереев барлық қатысушыларды арнайы сертификаттармен марапаттап, құттықтау сөз сөйледі.
– Баршаңызды шараның сәтті аяқталуымен құттықтаймын. Алған мағлұматтарды қызмет барысында міндетті түрде қолданады деген ойдамын. Жұмыстарыңызға табыс тілеймін, биіктен көріне беріңіздер, – деп атап өтті ол.