Маңғыстауда сотталған және пробациялық бақылаудағы азаматтар жұмыспен қамтылмақ
Маңғыстауда сотталған және пробациялық бақылаудағы азаматтар жұмыспен қамтылмақ, - деп хабарлайды Polisia.kz.
22 шілде күні Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбайдың төрағалығымен өңірдегі құрылыс компаниялары мен құқық қорғау органдарының қатысуымен кеңейтілген жиын өтті. Басқосуда түзету мекемелерінде жазасын өтеп жатқан және пробациялық бақылаудағы азаматтарды жергілікті құрылыс компанияларына жұмысқа орналастыру мәселесі талқыланды.
Бүгінде облыс аумағында үш түзету мекемесі мен пробация қызметі жұмыс істейді. Қазіргі таңда пробациялық есепте 614 азамат тұр. Оларды еңбекке тарту мақсатында жергілікті атқарушы органның қаулысымен жұмыс орындарына арнайы квота белгіленген.
Пробация қызметінің жолдамасы арқылы 6 азамат тұрақты жұмысқа орналасқан. Еңбек мобильділігі орталығының көмегімен 84 азамат ресми түрде жұмыссыз ретінде тіркеліп, олардың ішінде 13 адам тұрақты, 17 адам уақытша жұмыспен қамтылған.
Жиын барысында Маңғыстау облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің бастығы Алтынбек Қалиев сотталғандарды жұмысқа орналастыру кезінде қауіпсіздік пен қадағалаудың толық сақталатынын атап өтті.
Сотталғандар ҚР Еңбек заңнамасына сәйкес еңбек ететін болады. Олар бес немесе алты күндік жұмыс кестесі бойынша жұмыс істеп, күннің соңында, сағат 18:00-ге дейін мекемеге оралуға міндетті. Сондай-ақ сотталған азаматтарға әртүрлі мамандықтар бойынша оқыту курстары қарастырылған.
Облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбай бұл бастаманың әлеуметтік маңыздылығына тоқталып, азаматтардың бостандыққа шыққаннан кейін мамандық бойынша жұмыс табуына, қоғамға қайта бейімделуіне септігін тигізетінен айтты.
- Президент Қасым-Жомарт Тоқаев құқық қорғау органдарының кеңейтілген алқа мәжілісінде сотталғандарды қоғамға бейімдеудің ең тиімді жолы - оларды жұмыспен қамту екенін айтқан болатын. Осы орайда өңірдегі құрылыс және өндірістік кәсіпорындар түзету мекемесінде отырған және пробациялық есепте тұрған азаматтарды еңбекке тартуға белсенді атсалысуы қажет. Егер тәртіпті сақтап, талапқа сай жұмысқа адал қараса азаматтарды қолдауымыз қажет, - деді Нұрдәулет Қилыбай.
Кеңеске қатысқан өңірдегі құрылыс компанияларының өкілдері жазасын өтеушілер мен пробациялық есепте тұрған азаматтарды жұмысқа қабылдауға дайын екендіктерін білдірді.