Маңғыстауда жыл басынан бері браконьерлерден 300 келіден астам балық алынды
Маңғыстау облысы полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасы табиғатты қорғау полиция үш ай ішінде жасалған жұмыстарын қорытындылады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жыл басынан бері табиғат қорғау заңнамасын бұзу бойынша бес дерек тіркелген. Атап айтқанда, ҚР ҚК-нің 339-бабы (Өсімдіктердің немесе жануарлардың сирек кездесетін және құрып кету қаупі төнген, сондай-ақ пайдалануға тыйым салынған түрлерімен, олардың бөліктерімен немесе дериваттарымен заңсыз айналысу) бойынша – 3, ҚР ҚК-нің 335-бабы (Балық ресурстарын, басқа да су жануарларын немесе өсiмдiктерін заңсыз алу) дерегіне сай 2 қылмыс тіркелді.
Сондай-ақ аталған мерзім ішінде 175 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Нақтырақ айтатын болсақ, ҚР ӘҚБтК-нің 383-бабымен (Балық аулау және балық ресурстары мен басқа да су жануарларын қорғау қағидаларын бұзу) – 4, ҚР ӘҚБтК-нің 382-бабымен (Жануарлар дүниесiн пайдалану талаптарын және аң аулау қағидаларын бұзу) – 134, ҚР ӘҚБтК-нің 505-бабымен (Қалалар мен елді мекендер инфрақұрылымы объектілерін бұзу, жасыл екпелерін жою және бүлдіру) – 33, ҚР ӘҚБтК-нің 434-2-бабымен (Қоғамдық орынды ластау) 4 құқық бұзушылық анықталып, әкімшілік хаттамалар жасақталды. Табиғатты қорғау заңнамасын бұзған тұрғындардан барлығы 308 келі 950 грамм бекіре тұқымдас балық тәркіленді.
Маңғыстау облысының полицейлері азаматтарға браконьерлік пен табиғатты қорғау саласындағы заңнаманы бұзғаны үшін қылмыстық және әкімшілік жауапкершілік қарастырылғанын ескертеді. Тәртіп сақшылары облыс тұрғындары мен қонақтарын табиғатты қорғауға және заңдарды бұзбауға шақырады.