Маңғыстауда зорлық-зомбылықтың алдын алу бойынша кешенді жұмыстар жүргізілуде
Маңғыстауда зорлық-зомбылықтың алдын алу бойынша кешенді жұмыстар жүргізілуде, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Маңғыстау облысында "Әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықты тоқтату үшін бірігейік" ұранымен халықаралық "Гендерлік зорлық-зомбылыққа қарсы 16 күндік белсенді әрекет" науқаны өтіп жатыр. Әр жыл сайын 25 қараша — әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықты жою күнінен басталып, 10 желтоқсанға дейін жалғасатын бұл науқанның негізгі мақсаты — отбасылық құндылықтарды нығайту, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу және жәбірленушілерге қолдау көрсету.
Қазіргі таңда зорлық-зомбылықтың бір бөлігі цифрлық кеңістікке ауысып отыр. Әлеуметтік желідегі қудалау, жеке деректерді рұқсатсыз тарату, кибербуллинг, онлайн бопсалау, жалған ақпарат тарату, дипфейк жасау – әйелдер мен қыздар үшін жаңа қауіп түріне айналған.
Жылдың 10 ай қорытындысы бойынша өңірде 118 отбасы-тұрмыстық салада қылмыстық құқықбұзушылық тіркелді. 2955 тұлғаға қорғау нұсқамасы шығарылып, 423 адамға заңға сәйкес талаптар қойылды. Сондай-ақ 191 қолайсыз отбасы профилактикалық есепке алынды. Қазіргі таңда облыста тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккендерге көмек көрсететін 2 дағдарыс орталығы жұмыс істейді.
Өңірде тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу және зардап шеккен азаматтарға қолдау көрсету бағытында кешенді жұмыстар жалғасуда. Тұрғындарға тәулік бойы көмек көрсететін бірыңғай желілер қолжетімді. Барлық желілер құпиялылықты сақтай отырып, жедел көмек көрсетуге бағытталған.
Зорлық-зомбылықтың кез келген түріне тап болған жағдайда бейжай қалмай, өз құқығыңызды қорғау үшін тиісті органдарға жүгіну қажеттігін ескертеміз.
