Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Маңғыстаулық полицейлер арасында «Президенттік көпсайыстан» іріктеу кезеңі өткізілді

Маңғыстаулық полицейлер арасында «Президенттік көпсайыстан» іріктеу кезеңі өткізілді, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Қазақстан полициясына 30 жыл толу мерекесіне орай Маңғыстау облысы Полиция департаментінің арнайы мақсаттағы бөліністері арасында «Президенттік көпсайыстан» іріктеу кезеңі өткізілді. Екі күнге созылған бәсекеде спортшылар жылдамдықтары мен күштерін тексеріп, бақ сынасты.

Іс-шараның ашылу салтанатына Маңғыстау облысы ПД бастығының орынбасары Жанар Иргалиева қатысып, алғысөз сөйледі.

– Бүгінгі жарыс Қазақстан полициясының 30 жылдығына арналады. Осы жарыстың жеңімпаздары Маңғыстау облысы Полиция департаментінің намысын қорғайды. Барлығына сәттілік және жеңіс тілеймін, – деп атап өтті Ж.Иргалиева.

Айта кетейік, президенттік көпсайыс өте күрделі қызметтік-қолданбалы спорт түрі болып есептеледі. Жарысқа қатысушылар жас ерекшеліктеріне қарай төрт топқа бөлінді. Олар жауынгерлік қарудан оқ ату, еркін әдіспен жүзу, граната лақтыру және қашықтыққа жүгіруден сынға түсті.

Сайыстың алғашқы күнінде спортшылар еркін жүзу әдісі бойынша өзара шеберліктерін ортаға салып, Макаров тапаншасынан оқ атудан мергендіктерін көрсетті. Ал екінші күн «Маңғыстау арена» спорт кешенінде өткен эстафеталық жүгіру мен граната лақтыруға арналды.

Аталмыш спорттық шараның басты мақсаты – полиция қызметкерлерінің физикалық дайындығын тексеру, спорттық шеберліктерін шыңдау және салауатты өмір салтын насихаттау. Сондай-ақ, сында өзгелерден оқ бойы озық шыққан үздік қатысушылар Қостанай қаласында өтетін республикалық сайыста бой көрсететін болады.

Жауап қалдыру