Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Маңғыстаулық полицейлер браконьерлерден 1 тоннадан астам балық тәркіледі

Маңғыстаулық полицейлер “Бекіре-2022” жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында браконьерлерден 1 тоннадан астам бекіре тұқымдас балықты тәркіледі, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Маңғыстау облысы көлемінде осы жылдың 1 мамыр мен 31 мамыр аралығында балық және балық өнімдерін заңсыз аулау, сату, тасымалдау фактілерінің алдын алу мен анықтау мақсатында “Бекіре-2022” жедел-профилактикалық іс-шарасы өтті.

Шара барысында құқық бұзушылықтарды анықтау үшін табиғатты қорғау полиция қызметкерлері, жылдам қимылдайтын арнайы жасақ және патрульдік полиция батальоны мен рота қызметкерлерінен бес топ құрылды. Нәтижесінде, барлығы 90 заң бұзушылық анықталды. Оның ішінде балық аулау қағидасын бұзғаны үшін 74 тұлғаға қатысты ӘҚБтК-нің 383-бабымен (Балық аулау және балық ресурстары мен басқа да су жануарларын қорғау қағидаларын бұзу) хаттамалар жасақталды. Он үш азамат ҚР Қылмыстық кодексінің 339-бабы (Өсiмдiктердің немесе жануарлардың сирек кездесетiн және құрып кету қаупi төнген, сондай-ақ пайдалануға тыйым салынған түрлерімен, олардың бөліктерімен немесе дериваттарымен заңсыз айналысу) және үш азамат осы кодекстің 335-бабы (Балық ресурстарын, басқа да су жануарларын немесе өсiмдiктерін заңсыз алу) бойынша заң алдында жауап береді.

Жалпы, табиғатты қорғау заңнамасын бұзушылардан 1099 келі бекіре тұқымдас және 46 келі ұсақ балықтар, итбалықтың майы мен терісі тәркіленді. Сондай-ақ, 500 метр бекіре тұқымдас балығын аулауға арналған ау және Байда қайығы мен екі дана резиналы қайық анықталды. Заңсыз балық тасу, сатумен айналысқандар тарапынан келтірілген мемлекеттік шығын әр іс бойынша сот үкімінің шешімі шыққаннан кейін өндіріледі.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру