Маңғыстаулық полицейлер үйінде кеш ұйымдастырып, артын автокөліктердің кортежімен жалғастырған жастарды жауапкершілікке тартты
Маңғыстаулық полицейлер үйінде кеш ұйымдастырып, артын автокөліктердің кортежімен жалғастырған жастарды жауапкершілікке тартты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
2021 жылы 14 шілде күні Instagram әлеуметтік желісіне мониторинг жүргізу кезінде, Қарақия ауданы Сенек ауылының бір топ жастары тұрғын үйде отырыс кеш ұйымдастырғандығы, оның арты түнгі мезгілде жастардың автокөлікпен топтасып жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзғандығы, сонымен қатар беймезгіл уақытта түнгі тыныштықты бұзғандығы байқалған болатын.
Қарақия ауданы Полиция бөлімі қызметкерлері барлық жол қозғалысы ережелерін бұзған автокөлік жүргізушілерінің жеке басын анықтады. Жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзып, кортеж ұйымдастырған “Toyota Camry”, “Lada Xray”, “Toyota Land Cruiser”, “Уаз 22069033”, “Mercedez Benz E320”, “Mazda 626”, “Toyota 4Runner” маркалы автокөлік иелеріне қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 593-бабының 2-бөлігімен, 437-бабының 1-бөлігімен және 602-бабының 1-1-бөлігімен әкімшілік хаттамалар жасақталып, әкімшілік айыппұл салынды. Сонымен қатар, карантин режимі талаптарын сақтамай, үйінде кеш ұйымдастырған үй иесіне ҚР ӘҚБтК-нің 425-бабының 1-бөлігімен әкімшілік іс-құжаттары жинақталып, түсініктемесі алынды. Құқық бұзушылыққа жол берген азаматтардың барлығы полиция бөлімшесіне жеткізіліп, олармен түсіндірме жұмыстары жүргізілді.
Маңғыстау облысы Полиция департаменті облыс тұрғындары мен қонақтарын кортеж ұйымдастыру, түнгі тыныштықты бұзу, карантин талаптарын сақтамау секілді және тағы да басқа кез-келген құқық бұзушылықтар үшін ҚР қылмыстық және әкімшілік кодексімен жауапкершілік көзделгендігін ескертеді.