Маңғыстаулық полицейлер жоғалған 7 жастағы қызды тапты
Маңғыстаулық полицейлер жоғалған қызды тауып, ата-анасының алғысын алды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
2021 жылы 10 мамырда сағат 17:45 шамасында Ақтау қаласы Полиция басқармасының 102 кезекші пультіне жеті жастағы қыздың жоғалғаны туралы қоңырау түсті.
Қызды іздеуге Маңғыстау облысы полициясының барлық жеке құрамы бағдарланды.
Іздестіру шаралары кезінде кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі инспектор Азамат Сынабаев қызды тауып, аман-есен ата-анасына тапсырды.
Жеті жастағы қыздың айтуынша, ол қосымша сабақтан шығып, ата-анасын күтпей автобусқа отырып кеткен. Белгілі болғандай, басқа бағытқа жүретін автобусқа мінген.
Сондай-ақ, кәмелетке толмаған баланың әкесі қызын тауып бергені үшін Азамат есімді полиция қызметкеріне жедел жұмысы үшін алғысын білдіріп, сәттілік тіледі.