Маңғыстаулық тәртіп сақшылары адасып кеткен балақайды анасына аман-есен табыстады
Маңғыстау облысының Мұнайлы ауданында өз бетінше үйден шығып кетіп, адасып кеткен балақай аман-есен ата-анасына табысталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
29 қаңтарда Мұнайлы ауданы полиция бөлімінің қызметкерлері Абзал Қамытбек пен Абдулазиз Максудов белгіленген аймақты аралау кезінде мектеп жанында жалғыз жылап жүрген жас балаға назар аударған.
Мән-жайды анықтау барысында бес жасар баланың үйінен шығып, адасып кеткендігі белгілі болған. Ол туған апасы оқитын мектепке келіп тұрған.
Полиция қызметкерлері баладан апасының есімін сұрап, оның сынып жетекшісіне жолығып, балалардың ата-анасының байланыс нөмірлерін анықтаған.
Баланы тәртіп сақшылары өздері байқамаса, кезекші бөлімге бала жоғалғаны жөнінде ешқандай дабыл түспеген. Осылайша, өмірінің бірнеше сағатын бақылаусыз, әрі қараусыз өткізген бала аман-есен ата- анасына табысталды.
Таңертең өзі үйден шыққанда баласының онымен еріп шыққанын аңғармаған ана баланың үйде жоқ екендігінен хабарсыз да болған.
Аяқ астынан қуанышқа кенелген ана қырағылық танытып, баласын дер кезінде тауып, аман-есен үйіне әкеліп берген полиция қызметкерлеріне үлкен алғысын білдіріп, ризашылығын жеткізді.
Өз кезегінде тәртіп сақшылары баланың анасымен профилактикалық әңгіме жүргізіп, баласын келесіде қараусыз қалдырмауын өтініп, мұқият болуды сұрады.
– Құрметті ата-аналар, біз сіздерден балаларыңызды баратын жеріне дейін шығарып салуды, қараусыз қалдырмауды сұраймыз, себебі балаларыңыздың қауіпсіздігі сіздердің қолдарыңызда, – деп атап өтті облыстың бас полицейі Жанарбек Бақтыбаев.