Мақтаарал ауданында жыл басынан бері 13 мас жүргізуші ұсталды
Мақтаарал ауданында жыл басынан бері 13 мас жүргізуші ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
2021 жылдың алғашқы екі айында Мақтаарал ауданы полиция бөлімінің қызметкерлерімен алкогольдік және есірткілік мас халде автокөлік басқарған 13 жүргізуші анықталған.
Нақтырақ айтсақ, Мақтаарал АПБ ЖПҚБ ППТ-ның инспекторы Мұратжан Өтемұратов, Атакент кенті Бекжанов көшесінің бойында «Нексия» маркалы автокөлігін тотатады.
Себебі, ондағы жүргізуші қауіпсіздік белдігін тақпай көлік басқарып келе жатқан.
Құжаттарын тексеру кезінде, жүргізушінің Мақтаарал аудандық сотының қаулысымен 2018 жылдың маусым айында есірткілік масаң күйде автокөлікті басқарғаны үшін үш жыл мерзімге автокөлікті жүргізу құқығынан айырылғаны белгілі болды. Тәртіп сақшысы тарапынан оның тағы да көлікті мас халде басқарып келе жатқанына күдік туындап, тексерілді. Медициналық куәландырудың қорытындысына сай, аталмыш жүргізушінің «есірткілік мас күйде» көлік құралын басқарғаны анықталды.
Аталған жайт ҚР ҚК-нің 346-бабы (Көлік құралдарын басқару құқығынан айырылған және алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның көлік құралын басқаруы, сол сияқты көлік құралын басқаруды осындай адамға беру немесе көлік құралын осындай адамның басқаруына жол беру) бойынша СДТБТ-ға тіркелді. Қазіргі таңда тергеу амалдары жалғасуда.
Жүргізушінің автокөлігі айыптұраққа қойылды. Бүгінгі таңда күдікті азамат қамауға алынды.
Одан бөлек, алкогольдік мас халде көлік басқарған келесі тұрғын ұсталды.
Өткен аптада, мереке күндері таңғы сағат 09:00 шамасында, учаскелік полиция инспекторы Нұрлан Асқарұлымен Атакент кенті Ташкент-Досаев көшелерінің қиылысында «Daewoo Gentra» маркалы көліктің жүргізушісі қауіпсіздік белдігін тақпағаны бойынша тоқтатылады. Сондай-ақ полицей құжаттарын тексеру кезінде, жүргізушінің мас халде болуы мүмкін екеніне күдіктенеді. Тәртіп сақшысы осы жайтты нақтылау үшін медициналық сараптамаға жүгінеді. Куәландыру қорытындысына сәйкес, кінәлі жүргізушінің «орта дәрежелі» масаң күйде екені анықталды.
Мас жүргізушіге қатысты бұл жайтты ҚР ӘҚБтК-нің 608-бабымен (Мас халде көлік басқару) тіркелді. Жинақталған іс-құжаттары заңды шара көрілу үшін сотқа жолданды.
Қорытындысында Мақтаарал аудандық сотының қаулысымен мас халде көлік басқарған жүргізушіге 15 тәулікке әкімшілік қамауға алу, жеті жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айыру жазасы қолданылған.
Өз кезегінде, Түркістан облысының полицейлері жүргізушілер мен жаяу жүргіншілерді жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға шақырады. Автокөлікке мас халде отырмаңыздар. Қашықтықты және маневр жасау ережелерін сақтау, жылдамдықты асырмау және қарсы жолаққа шықпаңыздар.