Мақтаарал полицейлері аквапарктен алтын бұйымдарды қолды қылған әйелді ұстады
Мақтаарал полицейлері аквапарктен алтын бұйымдарды қолды қылған әйелді ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Мақтаарал АПБ-ға Жетісай аудынының тұрғыны арызданып келген. Жәбірленуші әйелдің айтуынша, аудан аумағында орналасқан аквапаркте өзіне тиесілі алтын алқасы мен алтын білезігін белгісіз біреу жасырын түрде ұрлап кеткенін көрсеткен. Келтірілген жалпы шығын көлемі 300 000 теңгеге жуық. Полиция қызметкерлері аталған жайтты ҚР ҚК-нің 188-бабы (Ұрлық) бойынша СДТТБТ-ға тіркеді.
Мақтаарал АПБ-ның полицейлері осы ұрлық жайтын ашу мақсатында оқиға орнына тез арада келіп, қажетті шараларды жүзеге асырды. Жақын аймақтарды мұқият тексеріп шығып, көрген-білгендерден жауап алды. Соның нәтижесінде күдіктінің тұрғылықты мекенжайы анықталып, үйінен ұсталды. Ол бұдан алдын бірнеше рет сотты болған Жетісай ауданының тұрғыны болып шықты. Қазіргі таңда күдікті әйел қамауға алынып, осы оқиғаға қатысты тергеу амалдары жүргізілуде.
Белгілі болғандай, жәбірленуші демалу мақсатында аквапаркке келген. Содан соң әйелдердің киім ауыстыратын бөлмедегі ұяшыққа алтын алқасы мен білезігін салып, құлыптап кеткен. Арада біршама уақыт өткен соң қайтып келгенінде ұяшықтың құлпы бұзылғанын, ішіндегі алтын бұйымдарының жоқтығын көрген. Ал күдікті әйел онда ешкімнің жоқтығын пайдаланып, алтын бұйымдарды жымқырған. Қолды болған заттарды Сарыағаш ауданындағы алтын бұйымдар сататын базарға алып барып, сатып жіберген. Ал ақшасын бас пайдасының қажеттілігіне жұмсаған.