Мақтааралда кезекті той ұйымдастырғандар белгілі болды
Түркістан облысының полицейлері беташар жасаған тұрғынды анықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Карантин талаптарының сақталуын қадағалау мақсатында құрылған арнайы мобильдік топтар, той-жиындарға жиналған көпшілікті тарқатуда. Облыс полицейлерімен бұл бағыттағы жұмыстар тұрақты түрде жүргізілуде.
Мәселен, Мақтаарал АПБ-ның қызметкерлері сағат 15:00 шамасында мақтааралдық тұрғынның үйінде беташар өткізіп жатқанын анықтады. Тойға 60-тан астам адам жиналған. Мобильдік топ мүшелері жиналған адамдарға түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, тойды дер кезінде тоқтатты.
Осы тұста карантин талаптарын елемеген той иесіне қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 425-бабы (Халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы заңнама талаптарын, сондай-ақ гигиеналық нормаларды бұзу) бойынша іс-құжаттар жинақталып, заңды шешім қабылдау үшін Мақтаарал аудандық СЭББ-на жолданды.
Өз кезегінде Түркістан облысының полицейлері барлық азаматтарға карантин кезінде сақтық шараларды ұстанып, адамдар көп шоғырланған жерлерге бармауды, басқосулар мен той-жиындарды жасамауды ескертеді. Карантин ескерілмей, құқық бұзушылыққа жол берілген жағдайда, заң аясында жауапкершілік қарастырылған. Сондықтан немқұрайдылық танытпай, өз саулықтарыңыз үшін карантин талаптарын ұстанғандарыңыз жөн.