Мақтааралда мас трактор жүргізушісі анықталды
Түркістан облысының полицейлері мас халде трактор тізгіндеген жүргізушіні анықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Мақтаарал ауданы ПБ Жергілікті полиция қызметінің учаскелік полиция инспекторлары қоғамдық тәртіпті сақтау және жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында бекітілген бағыт бойынша патрульдеу жұмысын тұрақты түрде жүргізуде. Осы тұста Мақтаарал ауданы «Мырзакент-Жетісай» тасжолында жол жүру ережесін бұзған МТЗ-80 тракторын тоқтатады. Аталған трактордың жүргізушісінің құжаттарын тексеру барысында, оның спирттік ішімдік ішкені күдік тудырды.
Полиция қызметкерлері орын алған оқиғаны ҚР ӘҚБтК-нің 608-бабы (Жүргізушінің көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйде басқаруы, сол сияқты көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның басқаруына беру) бойынша СДТБТ-ға тіркеді. Содан соң жүргізушісіне қатысты медициналық сараптама тағайындалып, қорытындысына сәйкес масаң күйі анықталды.
Түркістан облысының полицейлері жүргізушілер мен жаяу жүргіншілерді жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға шақырады. Автокөлікке мас халде отырмаңыз, бұның соңы жазатайым оқиғалар мен өлімге әкеп соқтыруы мүмкін. Қашықтықты және маневр жасау ережелерін сақтау, жылдамдықты асырмау және қарсы жолаққа шықпау қажет. Жүргізушілер үнемі жол қауіпсіздігі ережесін орындаса, тәртіпке бағынса, өз өмірі мен жолаушылардың өмірін сақтайтынын естен шығармағаны жөн.