Мақтааралда тұрғынның телефонын тартып алған күдікті қолға түсті
Мақтааралда тұрғынның телефонын тартып алған күдікті қолға түсті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Мақтаарал аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғын көшеде кезіккен бейтаныс біреу құны 600 мың теңге тұратын Iphone 13 телефонын тартып алғанын айтып шағымданды. Жедел-іздестіру шарасы нәтижесінде тәртіп сақшылары осы іске қатысы бар жас жігітті тәулік ішінде анықтады. Ол жергілікті жұмыссыз тұрғын болып шықты.
Анықталғандай, ол жәбірленушіге әлімжеттік көрсетіп, телефонын тартып алған. Сөйтіп өзгенің мүлкін ломбардқа өткізіп, пайда көрген. Қазіргі таңда қолды болған телефон айғақты зат ретінде тәркіленіп алынып, заңды иесіне қайтарылды.
Ұсталған азаматқа қатысты ҚР ҚК-нің 191-бабы (Тонау) бойынша тіркеуге алынып, сотқа дейінгі тексеру амалдары жүргізіліп жатыр.