Мақтааралда жол ережесін бұзған көлік кортежіндегілер жауапқа тартылды
Мақтааралда жол ережесін бұзған көлік кортежіндегілер жауапқа тартылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Түркістан облысының полицейлері әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізу кезінде жол ережесін өрескел бұзған үйлену тойында көлікпен кеш өткізу жайтын анықтады. Яғни, бейнежазбада Chevrolet Malibu көлігі мен басқа да көліктердің жүргізушілері бір жолақты жол сызығын басып, көлік басқарғаны түсірілген.
Бейнежазбадағы жүгенсіз жүргізушілерді анықтау мақсатында Түркістан облысы ПД-нің полиция қызметкерлері бірден іске кірісті. Жан-жақты атқарылған жұмыс нәтижесінде, полицейлер аталған жағдайдың Мақтаарал ауданы Фердауси-Мырзакент тас жолы бойында орын алғанын анықтады. Яғни, Мақтаарал АПБ полицейлерінің анықтауынша, 13 наурызда Мақтаарал ауданы Фердауси ауылында үйлену той болған. Сол күні бірқатар жастар көлік басқару кезінде аталған әкімшілік құқық бұзушылықтарды жасаған.
Бұл бойынша Мақтаарал аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері бейнежазбада көрсетілген көлік жүргізушілерін анықтап, оларға қатысты 21 наурызда төмендегі әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамалар толтырды.
Атап айтқанда, Chevrolet Malibu көлігінің жүргізушісі, жас жігітке ҚР ӘҚБтК-нің 601-бабы 2-бөлігі (Жол белгiлерiмен немесе жолдың жүру бөлiгiндегi таңбалармен көрсетiлген талаптарды сақтамау), осы баптың 1-бөлiгiнде көзделген, әкiмшiлiк жаза қолданылғаннан кейiн бiр жыл iшiнде қайталанып жасағаны анықталып, әкімшілік хаттама толтырылды. ҚР ӘҚБтК-нің 595-бабы 1-бөлігімен (Маневр жасау қағидаларын бұзу) әкімшілік шара көрілді. Сондай-ақ, жүргізушінің көлік құралының алдыңғы жағына бірнеше шарлармен лента матасын байлап, яғни жүргізушінің көруіне кедергі келтіретін заттар қолданып, көлік құралын басқарғаны бойынша ҚР ӘҚБтК-нің 590-бабы 5-бөлігімен (Көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзу) хаттама толтырылды.
Бұдан бөлек, оның артында келе жатқан Renault Arkana көлігінің жүргізушісіне ҚР ӘҚБтК-нің 601-бабы 1-бөлігі (Жол белгiлерiмен немесе жолдың жүру бөлiгiндегi таңбалармен көрсетiлген талаптарды сақтамау) және ҚР ӘҚБтК-нің 595-бабы 1-бөлігімен (Маневр жасау қағидаларын бұзу) әкімшілік хаттамалар толтырылды. Қазіргі таңда бейнежазбадағы басқа да көлік құралының жүргізушілерін анықтау жұмыстары жүргізілуде, алдағы уақытта олардың жүргізушілерін анықтап, әкімшілік шара көрілетін болады.