Мақтааралдық полицейлер әріптесінің анасына алғыс айтты
Мақтааралдық полицейлер әріптесінің анасына алғыс айтты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Еліміздің тыныштығын күзетіп, қауіпті жағдайлардың алдын алып, қоғамдық тәртіпті сақтауда полицейлердің еңбегі орасан зор. Ал мұндай маңызды қызметке лайық, болашағынан үміт күттіретін жастардың қатарға көптеп қосылуы ата-ананың берген тәрбиесінің жемісі. Балаларын жас кезінен еңбекке баулып, өз ісіне жауапкершілікпен қарауға дағдыландырып, алдағы өмірлеріне дұрыс бағыт-бағдар беру ата-ананың бірден-бір міндеті.
Осы орайда Мақтаарал аудандық ПБ қызметкерлері адал жұмысымен көзге түсіп, қызмет барысында жоғары көрсеткіштерге ие болып жүрген әріптесі, жас маман Заманбек Тәженнің аяулы анасын мерекемен құттықтады. Қызметкерлер полицей ұлының бойына мейірім, жылулық, махаббат пен ізгілікті дарыта білген Гүлшара Тәженованың жұмыс орнына барып, әріптестерінің алдында өз елінің нағыз патриоты, адал офицерді дүниеге алып келіп, нағыз ер азамат етіп өсіргені үшін оған Мақтаарал ауданы ПБ бастығы Әділбек Сапарбековтің алғыс хатын табыстады.
Өз кезегінде жас маманның анасын құттықтау мақсатында барған полиция қызметкерлері шынайы тілегі мен рақметін айтты. Осындай құттықтаулар мен бағалы сыйлықтарға ие болған ана ұжымға алғысын жаудырып, ризашылығын білдірді.