Мақтааралдық полицейлер тұрғын үйге ұрлыққа түскен екеуді анықтады
Мақтааралдық полицейлер тұрғын үйге ұрлыққа түскен екеуді анықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Мақтаарал аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғын арызданған. Әйел адамның айтуынша, оның тұрғын үйіне белгісіз біреулер кіріп, алтын алқасын, болгарка, еттартқыш, массаждық матрасын жасырын түрде ұрлап кеткен. Жәбірленушіге келген жалпы шығын көлемі – 850 мың теңге.
Аталған жайтты полиция қызметкерлері ҚР ҚК-нің 188-бабы (Ұрлық) бойынша тіркеуге алды.
Тәжірибелі тәртіп сақшылары ұрлық қылмысын ашу мақсатында қажетті шараларды жүзеге асырды. Олар жақын аумақтарды түгел қарап шығып, көрген-білгендерден жауап алды. Жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде, күдікті екеудің мекенжайы анықталды. Олар жергілікті тұрғындар болып шықты. Полицейлер күдіктінің бірін құрықтап, полиция бөліміне жеткізді.
Анықталғандай күдікті екеу түнгі 01:30 шамасында ешкім тұрмайтын үйге ұрлыққа түскен. Жас жігіттер терезені күшпен ашып, үйге кіріп, алтын бұйымдар мен тұрмысқа қажетті заттарды ұрлаған. Оңай жолмен келген заттарды сатып, ақшасын жаратып жіберген. Қазіргі таңда ұсталған күдіктіге қатысты тергеу амалдары жүргізіліп, іс сотқа жолданды.