Мақтааралдық полицейлер тұрғынның жоғалған жылқысын тауып берді
Мақтааралдық полицейлер тұрғынның жоғалған жылқысын тауып берді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Мақтаарал аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғын арызданды. Ер адамның айтуынша, күндізгі сағат 15:00 шамасында егістік алқапта жайылып жүрген жылқыларының ішінен бір бас айғыры жоғалып кеткен. Жәбірленушіге келген шығын көлемі – 900 мың теңге.
Аталған жайтты полиция қызметкерлері ҚР ҚК-нің 188-бабы 1-бөлігі (Ұрлық) бойынша тіркеуге алды. Оқиға орнына барған тәртіп сақшылары іздестіру жұмыстарын жүргізді. Сақшылардың тыңғылықты жұмысының арқасында жоғалған мал Сырдария өзенінің жағасындағы жайылым алқаптан табылды. Табылған жылқы өз иесіне қайтарылды.
Тұрғын жылқысын тауып берген полицейлерге алғысын білдірді.
– Мен полиция қызметкерелеріне жылқымның жоғалғанын айтып, тауып беруін сұраған едім. Полицейлер Шымкент қаласының, Сарығаш, Шардара аудандарының базарына менімен бірге барып, жылқымды іздеуге ат салысты. Олардың жасаған жұмыстарына алғыс білдіремін. Жұмыстарыңызға сәттілік, – деді тұрғын.