Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Мақтааралдық полицейлер жоғалған жасөспірім қызды Нұр-Сұлтан қаласынан тапты

Мақтааралдық полицейлер жоғалған жасөспірім қызды Нұр-Сұлтан қаласынан тапты, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Мақтаарал АПБ-не жергілікті тұрғын арызданып, ұшты-күйлі жоғалған қызын тауып беруге көмек беруін сұраған. Анасының айтуынша, 17 жастағы қызы түскі уақытта үйінен сыртқа шығып кетіп оралмағанын айтқан. Содан ата-анасы жасөспірімді өздері күні бойы іздеп, таба алмайды.

Іздестірулерінен нәтиже шықпағаннан кейін барып, полицейлерге хабарлайды.

Ақпарат алысымен Мақтаарал аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері бірден кәмелет жасына толмаған қызды іздеуге кіріседі. Оның баруы мүмкін жерлерді тексеріп, хабарласуы мүмкін дос-құрбыларынан жауап алады. Туыстарынан сұрастырады. Жоғалған қызды табуға қажетті барлық шараларды іске асырады. Соның нәтижесінде қыз Нұр-Сұлтан қаласындағы көшелердің бірінен табылды. Мақтаарал қаласына жеткізіліп, ата-анасына тапсырылды.

Тексеру барысында анықталғандай, жасөспірім қыз өзінің сөйлесіп жүрген жігітімен Нұр-Сұлтан қаласына бірге кеткен.

Өз кезегінде қызының дін-аман табылғанына қуанған анасы полицейлерге алғысын білдірді.

– Сіздердің арқаларыңызда қызым аман-есен табылды. Жедел әрекет еттіңіздер. Біз сонша іздеп, таба алмаған қызымызды бір сәтте тауып бердіңіздер. Сіздерге үлкен рақмет! Жұмыстарыңызға табыс тілеймін!, – деп атап өтті.

Түркістан облысының полицейлері барша ата-аналарға кәмелетке толмаған ұл-қыздарымен өтпелі кезеңде түсіністікпен тілдесіп, олармен дос болуға шақырады. Жасөспірімдерге үлкендердің рұқсатынсыз үйден алыс кетпеу керектігін үнемі ескертіп отыру қажеттігін алға тартады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру