Марат Ахметжанов министрліктің басшы құрамына өзінің жаңа орынбасарын таныстырды
Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов министрліктің басшы құрамына өзінің жаңа орынбасарын таныстырды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Естеріңізге сала кетейік, Мемлекет басшысының өкімімен полиция генерал-майоры Лепеха Игорь Владимирович Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің орынбасары болып тағайындалды.
Игорь Владимирович Лепеха ішкі істер органдарындағы қызметін 1986 жылы бастаған. Қарағанды облысының Ішкі істер бөлімшелерінде басшылық лауазымдарды атқарды. Әкімшілік полиция қызметінің бастығы, Қарағанды облысы ІІД бастығының орынбасары, ІІМ Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары, төрағасы болып жұмыс істеді.
2019 жылы ІІМ Штаб-департаментінің бастығы болып тағайындалды, 2020 жылдың ақпан айынан бастап Ішкі істер министрлігі аппаратының басшысы қызметін атқарды.
Ведомство басшысы министрдің жаңа орынбасарының әртүрлі жауапты лауазымдардағы үлкен жұмыс тәжірибесін, сондай-ақ оның жоғары кәсібилігін атап өтіп, жаңа жұмыс орнында табыс тіледі.