Мас адам кент тұрғынының көлігін заңсыз айдап әкеткен
Қарағанды облысында ұрланған көлікті басқарған мас адам ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
21 қаңтарда Қарағанды облысы Жаңаарқа ауданы полиция бөлімінің қызметкерлері Атасу кентінде «Автобус» жедел-профилактикалық іс-шарасын өткізу барысында шамамен сағат 21.00-де кент көшелерінің бірімен қатты жылдамдықпен келе жатқан ВАЗ-2107 автокөлігіне назар аударған.
Көлік тізгінінде отырған 47 жастағы ер адамнан алкогольдің иісі шығып тұрған. Медициналық куәландыру қорытындысы құқық бұзушының мас екенін растады.
Сонымен қатар, полиция қызметкерлері ұсталған ер адамның жуырда 30 жастағы аудан тұрғынының үйінің ауласынан ұрланған көлікті басқарып келе жатқанын анықтады.
Құқық бұзушы мас күйінде көлік құралын басқарғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылып, сот шешімімен 15 тәулікке қамауға алынды.
Сондай-ақ, оған қатысты Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 200-бабы (Автомобильдi немесе өзге де көлiк құралын жымқыру мақсатынсыз құқыққа сыйымсыз иеленіп алу) бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.